Главная Как поступить в КазИТУ Колледж Новости колледжа Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай «Әр өлеңі – бір әлем» атты әдеби-сазды кеш өтті
11 ақпан 2021                  318210
Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай «Әр өлеңі – бір әлем» атты әдеби-сазды кеш өтті

Хантәңірінің мұзбалағы, ақиық ақын, тау тұлғалы талант, дарынды дарабоз, «Ғасыр ақыны» атанған, миллион сырлы сезімнің иесі – Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай «Әр өлеңі – бір әлем» атты әдеби-сазды кеш болып өтті. Алғашқы сөз колледж директоры Шалабаева Майра Хұсайынқызына беріліп, ары қарай бағдарлама бойынша жалғасын тапты. Офлайн режимде өткен мәдени іс-шараға 1 курс студенттері белсенділік көрсетті.

Кеш барысында 1 курс «Туризм» мамандығының студенті Солтан Шынасыл ақынның сөзіне жазылған «Есіңе мені алғайсың» әнін орындады. «Аққулар ұйықтағанда» поэмасының негізінде көрініс қойылып, басты рөлдегі Ананы сомдаған 1 курс студенті Естаева Ақбота көрермендердің жүрегіне жол тартты. Сондай-ақ, поэмадағы негізгі ойды көрермендерге жеткізе білген студенттер өздерінің актерлық шеберліктерімен көзге түсті. Ғасыр ақыны атанған М.Мақатаевтың «Сезім» өлеңін 1 курс студенті Қайнен Сымбат оқыса, Ериков Айбек «Шыда, шыда» өлеңін арнап, Тұрсынбаева Меруерт «Сәби Ана» өлеңін оқып, көпшіліктің көңілінен шықты. Көрермендер арасында викториналық сұрақ-жауап сұралып, ойындар ойнатылды.

Оқытушылар мен студенттер арасында өткен шараны Жастар ұйымының төрайымы Жұман Томирис Бағланқызы қорытындылап, студенттерге сәттілік тіледі. КазИТУ колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушысы Исатай Арайлым Махажанқызының ұйымдастыруымен өткен Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған әдеби-сазды кеш өз деңгейінде атқарылды. Қатысып, белсенділік танытқан студенттерге алғыс білдіреміз!