Главная Новости Тәуелсіздік бәрінен қымбат
06 января 2021                  1109
Тәуелсіздік бәрінен қымбат

«ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі. Әр адам өзін үздіксіз жетілдіріп, жаңа кәсіптерді игеріп, үнемі заман ағымына бейімделу арқылы ғана бәсекелік қабілетін арттыра алады. Білім мен технология, жоғары еңбек өнімділігі ел дамуының басты қозғаушы күші болуға тиіс. Бұл туралы ұлы Абай: «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деген.»- бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты жарияланған мақаласынын үзінді. Расында "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" деп аталатын мақалада ел президенті егемендіктіктің 30 жылдығына қорытынды жасап, болашаққа бағдарды айқындап берді.

Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің ұжымы да ел президентінің мақаласын талқылап, мақалада айтылған басты мақсат-міндеттерге тоқталды. Онлайн өткен кездесуге университет басшылығы, оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер қатысты.

Президент мақаласының алғашқы бөлімі «Бағдар мен белес» деп аталып, онда осы күнге дейін елімізде атқарылған дүние сараланады. Алғашқы онжылдықта Қазақстан іргетасын қаласа, екіншісінде керегесін кеңейтіп, тарихын түгендеуге, шекарасын шегендеп, инфрақұрылымдық жобаларға баса мән берді. Үшінші онжылдықта еліміз индустриялық-инновациялық даму жолын таңдады. Ал алдағы төртінші онжылдықтағы міндет – қуатты елдің иесі және кемел халық болу, - дейді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Президент барды бағалауға да шақырды. Жер қадірін жалаң ұранмен өлшемей, Көкжайлауға от жақпай, Көбейтұзды лайламай, әр тоқымдай жерді көздің қарашығындай сақтауға үндеді. Қоғамда үнемі қызу талқыланатын тағы бір тақырып – қазақ тілінің мәртебесі. Бұған қатысты да Президенттің пайымы мығым.

«Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек.»-деп ана тілімізді қастерлеуге, ана тілінде сөйлеуге шақырды.

Ал мақаланың соңғы төртінші бөлімі «Ұлағат пен ұстаным» деп аталып, азаматтық қоғамды дамыту мен саяси реформаларды жалғастыруға арналады. Тың идеялар мен оң өзгерістердің қозғаушы күші жастарды елі үшін еңбек етуге үндеген мемелекет басшысы өскелең ұрпақтың әлеуетін дұрыс арнаға бұрып, жастар орталықтарының жұмысын жүйелі жүргізуді жүктеді. Дарынды жастарды қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындауды ұсынды. Бұл тәуелсіздіктің ұрпақтарына деген үлкен қолдау болмақ. Себебі, бүгінгі жас- еліміздің ертеңі. Осылайша 30 жыл ішінде өткенімізді саралап, болашағымызды бағдарлап берген мақала қоғамдық талқыға түсіп, көкейде жүрген көп сауалдың жауабын берді. Мақсат - айқын, бағыт- оң, ендеше бізде өз кезегімізде елімізді қуатты мемлекетке айналдыру жолында аянбай еңбек етуіміз керек. Ал басты ұран «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген ұғым болмақ.

ҚазИТУ баспасөз қызметі