Главная Новости ҚазИТУ Ректоры студенттермен кездесті
2 қыркүйек 2022                  318212
ҚазИТУ Ректоры студенттермен кездесті

          Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде жаңа оқу жылының басында білім ордасының ректоры, Сарсенбекова Гүлнар Әлібекқызымен 1-курс студенттерінің кездесуі өтті. Кездесудің басты мақсаты – білім алушыларды оқу процессінің ұйымдастырылу барысымен, жастардың ізденістері мен шығармашылығын дамыту бағытындағы жоспарлармен таныстыру, студенттердің оқу үрдісіндегі, жалпы студенттік өмірдегі жан-жақты сұрақтарды талқылау және ұсыныстарды қарастыруға бағытталды.

         Кездесуде  университет ректоры Г.Сәрсенбекова студенттерді ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты Жолдауындағы басты бағыттарды назарға ала отырып, білім жүйесінің қолжетімді әрі сапалы болуын қамтамасыз етудің маңыздылығына ерекше тоқталды. Осы орайда Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті, студенттерге үздіксіз әрі сапалы білім беру бойынша оқу бағдарламаларын әзірлеп, жаңа оқу жылын табысты бастап, университетте оқытушылардың  сабақ өтуіне қажетті барлық техникалық құрал- жабдықтармен барынша қамтамасыз етілгендігін атап өтті.

        Сонымен қатар күннен-күнге көркейіп келе жатқан университетіміздің дамуында студенттердің қосар үлесі зор екендігін айқындап, студенттік өмірде белсенді болуға шақырды.

        Кездесу барысы студенттерден келген сұрақтар мен ұсыныстарға жауап берумен жалғасты. Сұрақтар легінде мемлекеттік грантқа ауысу мүмкіндігі, президенттік шәкіртақы иегері атану жолдары, студенттерге арналған әлеуметтік қолдау, академиялық ұтқырлық бойынша шет елде білімін жалғастыру және студенттік ұйымдарға кіру секілді көптеген сұрақтар қойылып, тиісті жауап берілді.

       Кездесу соңында Г.Сәрсенбекова әрдайым студенттерге ашық екендігін, университет өміріне байланысты сұрақтар мен ұсыныстарға жауап беруге дайын екендігін жеткізді. Ол үшін университет сайтындағы Ректор блогы, әлеуметтік желілердегі парақшалар мен сенім телефондары жұмыс жасайды.