Главная Кафедры Социально-гуманитарных дисциплин Новости кафедры Ветеран войны побывал в гостях в КазИТУ
9 май 2022                  318210
Ветеран войны побывал в гостях в КазИТУ

9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні қарсаңында, ардагерлерге  құрмет көрсету, аға ұрпаққа құрметпен қарау,  жастардың бойында патриотизм, отаншылдық сезім мен өз елінің тарихына  деген  қызығушылықтарын арттыру  мақсатында, Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің студенттері  тыл ардагері Хамит Біржанұлымен кездесу өткізді.

 Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмақ емес. Бұл сөз өткенге емес, болашаққа арналған. Әлемді дүр сілкіндірген оқиға 1941 жылы маусымның 22-де болған еді. Бірақ сол кездегі Кеңес елінің бірлігі мен достығының арқасында 1945 жылы 9 мамырда Ұлы Жеңіспен аяқталды. Міне, содан бері 77 жыл мерзім уақыт өтті. Биыл Ұлы Жеңістің 77 жылдығы. Жеңіс күні бәріміз үшін айрықша қымбат, қасиетті мереке. Бұл тек сол соғыста жеңіске жеткенімізді атап өтетін күн ғана емес. Бұл сол соғыста Жеңісті жақындату үшін жан аямай шайқасып, қан майданнан оралмай, еліміздің берік қорғанындай болып қалған арыстарымызды еске алатын күн. Әсіресе, бұл мерекені екінші дүниежүзілік соғыстың бар ауыртпалығын өз мойнымен көтеріп, Отан үшін от кешіп, соғыстың қанға бөккен даласында қайсарлықпен шайқасқан, Жеңістің туын желбіреткен, Ұлы Отан соғысының ардагерлері үшін ерекше мейрам. Қасиетті де қастерлі Отан үшін жан беріп, жанын пида еткен соғыс ардагерлерін жыл сайын еске алып, олардың рухына тағзым ету – біздің, кейінгі ұрпақтың ең басты парызы.

Университет ректоры Г.А.Сарсенбекова басшылығымен өткен  іс-шарада тыл ардагері, Бостандық ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Б.Біржанов, студенттерге  соғыс жылдарында өзінің бастан кешкен оқиғаларын баяндап, студенттердің сұрақтарына жауап беріп,  өмірлік ақыл-кеңестерін айтып, әр уақытта жастарды елі үшін, жері үшін жанын беретін намысшыл, өр рухты болуға шақырды. Іс-шара барысында соғыста қаза болған жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, ардагер адамзат тарихындағы орны толмас қасірет – ІІ дүниежүзілік соғыс туралы әңгімеледі. Хамит Біржанұлы Ұлы Отан соғысы жылдарында 12 жаста ғана болғанын,  жасына қарамастан, үлкендермен қатар «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!» деген ұранмен еңбек еткендерін, сол адамдардың еңбегінің арқасында біздің жауынгерлеріміздің киерге киімі, ішерге тамағы болғанын баяндады.

 Тәрбиелім мәні зор шарада жастар соғыстың не екенін, аштықтың не екенін біліп, бейбітшіліктің қалай келгенін, тәуелсіздіктің қадірін барынша ұғынды. Бүгінгі ұрпақ аға буын-ардагерлер танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бой түзейді деген сенімдеміз. Олай болса, Ұлы Жеңістің 77 жылдығы құтты болсын! Тәуелсіз елде бақытты ғұмыр кешіп, бейбіт заманда өмір сүріп жатқанымыз үшін, ардагерлерге мың тағзым! Жеңістің туы мәңгі желбіресін!