Главная Новости Алғыс айту күнінде тәлімгер-оқытушылар студенттерге ерекше сый жасады
2 март 2022                  318203
Алғыс айту күнінде тәлімгер-оқытушылар студенттерге ерекше сый жасады

Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін 1 наурыз Алғыс айту күні ең алдымен тыныштық пен үндестіктің, өзара сенімділік пен құрметтің артуына негіз болатын күн. Бұл мереке достық пен бірлікті, мәдени сан алуандылықтың үйлесімін дәлелдей түседі.

Осы мереке аясында жас ұрпақты ізгілікке баулитын игі шаралардың орын алуы үлкен маңызға ие. Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде ұлттық құндылықтарды дәріптеуге негізделген іс-шаралар үнемі ұйымдастырылып тұрады. Күні кеше өткен жастар арасында патриоттық рухты нығайтып, ұлтаралық татулықты айқындайтын Алғыс айту күніне арналған мерекелік шара ерекше сипат алды. Тәлімгерлер күнімен ұштасқан жиында университеттің студенттер үйіндегі тұрғындарына ұстаздар арнайы дайындаған қазақтың бірнеше ұлттық тағамдары ұсынылды. Ет асып, әр қабаттағы ас үйлерде дәмді ас әзірленіп, ыстық бауырсақтар пісірілді. Бұл қазақтың мол дастарханын, кең пейілін дәріптеген үлкен шара десек болады. Тәлімгерлердің өз студенттеріне қамқорлық танытып, өз қолдарымен тағам әзірлеуі бауырмалдылық пен сыйластықты айғақтап тұрғандай. Университет аудиторияларында оқытушылардың дәрістерін тыңдап, теориялық білімдерімен сусындап жүрген жастар үшін ұстаздарының отбасылық мейірімділік танытуы алғыс күнінде зор тәрбие. Ел президенті жастарды еңбекқорлыққа баулу мәселесін жиі көтеріп жүр. Ал оқытушылардың университет жатақханаларына арнайы барып, дәрісханаларда мамандар даярлап қана қоймай, оларды тұрмыстық-шаруашылық жұмыстарға қоса баулуы еңбекқорлықты жастар бойына дарытуда нәтиже бермек. Осы орайда Қазақстан инженерлік технологиялық-университетінің ректоры Гүлнар Сәрсенбекова «Білім жолында өз үйінен жырақ жүрген студенттер отбасылық жылулық пен қамқорлықты сезінуі керек. Білім ордалары тек сапалы маман дайындап қана қоймай, студенттердің бойына «жұмсақ дағдыларды», жалпыадамзаттық құндылықтарға бастайтын ұлттық құндылықтарды да сіңіруіміз қажет» деген пікірін жеткізді.

 

Бұл жиында Есептеу техникасы, автоматтандыру және телекоммуникация кафедрасының оқытушылары бауырсақтың ерекше дәмді пісірілу әдісімен бөліссе, Экономика және Қаржы кафедрасы қамыр илеуден алдына жан салмады. Студенттер де көмек қолын созып, мәре-сәре болды. Әрі мерекелік көңіл күй, әрі шаруаға бейімделген шара өтті. Әзірленген қай тағам болмасын ыстық ықылас пен махаббаттың туындысындай, бұл берекені орната түсті. Бұдан бөлек оқытушы-профессорлар қауымы мерекелік басқосуда бірі домбыра тартса, бірі гитарада ойнап, бар өнерін ортаға салды. Студенттер де өздеріне деген жылылықты, мейірімділікті, қамқорлықты сезініп жатқандарын жеткізді. «ата-анамыздан жырақта жүрсек те , бар мейірімін төгіп, бізге арнайы ас дайындап, мейрамда ерекше көңіл бөліп жатқан ҚазИТУ басшылығына, оқытушыларыма алғысым шексіз», деді , 2 курс студенті Бақдаулет Ертуған.

 

Бүгінде университетте әр ұлт өкілдері білім алып жатыр. Өз кезегінде олар қазақ халқының қонақжайлылығына, мейірімділігіне, бауырмалдылығына алғыстарын жеткізіп жатты. Әр ұлт өкілдерінен жиналған жатақханада студенттер бір отбасының балаларындай тату екені сезіліп-ақ тұр. Студенттер үйінің әр ұлт өкілдерінен жиналған тұрғындары дастархан басында жиналып, өзара сырласып шүйіркелесіп отыруы – достықтың жаршысындай десек болады. Өз туған үйінен жырақ жүрген студенттерге ата-аналары алаңдауға негіз жоқ екенін, балалары сапалы біліп алып қанай қоймай, тәлімгерлерінен қамқорлық сезініп, шын жанашырларының қасында жүргені көңілдеріне медеу екенін жасырмады. Осы тұста шара барысында ата-аналар да онлайн арқылы байланысқа шығып, өз алғыстарын жеткізгенін айтып өтуге болады. Ата-ана «ҚазИТУ ұжымына үлкен алғысымды білдіремін, баламызды білім нәрімен сусындап қана қоймай, атаулы мерекеде көңілдерін көтеріп, еңбекке баулып жатқаны қуантады» деп айтып өтті. Әр ұлт өкілдерінен құралған студенттер тәрбиелік маңызы зор шараны ұйымдастырған ҚазИТУ басшылығына және ұжымына өздерінің алғыс-тілектерін, құттықтауларын өлең жолдарымен жеткізді.Ән айтып, күй тартып, ұлтаралық татулықтың айқын бейнесін көрсетті.Тәлімгерлер өз кезегінде жастарға кәсіби, адами ақыл-кеңестерін беріп, жастарды тек білім нәрімен ғана сусындатып қоймай, қашанда тәлімгерлік танытып, әркез жандарынан табылатын сенімді достары болатынын айтты. Жоғары оқу орындарындаеліміздің болашақ мамандары даярланып жатыр. Олардың тек кәсіби тұрғыда маманданып қоймай, адами құндылықтарды бойларына сіңіріп, ізгілік нұрына шомылуына осындай шаралардың берері мол болмақ.