Главная Новости Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті мен колледжінің ұйымдастыруымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті
13 декабрь 2021                  318203
Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті мен колледжінің ұйымдастыруымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті

   Тәуелсіздік бұл ата-бабаларымыздың аңсар арманы болған, даналарымыздың үзілмес үміті болған, Алаш ардақтыларының осы жолда жаны пида болған қастерлі де қасиетті ұғым! Өз мемлекетіңнің тәуелсіздігін қастерлеу, өзің тұратын елдің егемендігін құрметтеу – тек патриоттық парыз ғана емес, үлкен жауапкершілік. Тек азат адамдар мен тәуелсіз халықтар ғана дүниеде шынайы тыныштық орната алады. Мемлекеттер мен халықтардың өз еркі өзіндегі тәуелсіздігі – ешкім тіл тигізе алмас қасиетті ұғым. Бұл қазіргі адамзаттың ең басты мұраты, ең асыл игілігі.

 

Осы орайда 13 желтоқсан күні Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті мен колледжінің ұйымдастыруымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған тәрбиелік мәні зор салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік шараға оқытушылар құрамы мен білім алушы студенттер қатысты. Тәуелсіздік мерейтойы аясында жастарды отансүйгіштікке баулу, тарихи құндылықтарды қастерлеу, ұлтымызға деген сүйіспеншілікті дәріптеу, тұғыры биік, қабырғасы кең халқымыздың батырларын құрметтеу мақсатында ұйымдастырылған іс-шара. Іс-шара барысында студенттер желтоқсан оқиғасынан үзінді қойылым көрсетіп,Тәуелсіздік жолында өз өмірін құрбан еткен желтоқсан батырлары Қайрат, Сабира, Ләззаттардың рөлін сомдап, монолог оқыды.Батырларымыздың рухына тағзым ретінде Қазақстан Республикасының әнұраны қойылып, бір минуттық үнсіздік жарияланды. Мерекелік іс-шара Жастар ісі комитеті ұйымдастырған Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған салтанатты концертік бағдарламамен жалғасты. Тәуелсіздігіміз, елдігіміз, егемендігіміз – мәңгілік елге бастап барар тірегіміз болмақ. Әрқашан көк туымыз ашық аспанымызда желбірей берсін!